Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №85

2023 жылғы 28 тамыз бен 3 қыркүйек аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Жұма, 1 қыркүйекте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда Мемлекет басшысы Үкімет алдына өңдеу және тау-кен өндіру өнеркәсібін, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығын, энергетиканы, көлік және логистиканы, қаржы, IT және цифрландыру салаларын, су ресурстарын, креативті индустрияны, сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау жөнінде нақты міндеттер қойды. Сондай-ақ Президент мемлекеттің экономикаға ықпалын төмендету, экономиканы демонополизациялау, макроэкономикалық саясатты қайта қарау, салық және бюджет саясатын, әкімшілік басқару жүйесін реформалау бойынша бірқатар маңызды бастама жариялады.

  • Сенбі, 2 қыркүйек күні, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал, олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендегенмемлекет құру. Өз кезегінде Үкімет бүкіл күш-жігерін осы мақсатқа жұмылдырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағыттауы тиіс.

  • Сейсенбі, 29 тамызда, ҚР Үкіметінің отырысында Қазақстанның 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуның болжамы, сондай-ақ республикалық бюджеттің және Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған трансферттердің параметрлері қаралды. Бірінші мәселе бойынша Премьер-Министр үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғаннын айтты. Екінші сұрақ бойынша Әлихан Смайылов жыл соңына дейін барлық кен орындарын тексеру жұмыстарын аяқтауды, өз міндетін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты шара қабылдауды талап етті.

  • Дүйсенбі, 28 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Ішкі істер министрлігінде болып, қылмыстың алдын алу мен оларды ашуда заманауи технологияларды қолдану, жалпы полиция жұмысын цифрландыру барысымен және жаңа оқу жылы қарсаңында мектептердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларымен танысты. Сондай-ақ Әлихан Смайылов тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту шараларын жүзеге асыру барысымен, көші-қон саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жұмыстарының нәтижесімен және CyberPol интернет-алаяқтықпен күрес жөніндегі жобамен танысты. Атап айтқанда, полиция байланыс операторларымен бірлесе отырып, жалған нөмірлерден келетін қоңырауларға техникалық тосқауыл қояды, нәтижесінде, бүгінгі күні алаяқтардың 36,5 млн қоңырауына тосқауыл қойылды.

  • Сейсенбі, 29 тамызда, ҚР Премьер-Министрі ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарымен кездесті. Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының спортшыларға жолдаған құттықтау сөзін оқып берді. Сондай-ақ кездесу барысында Үкімет басшысы ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиада жеңімпаздарына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Қазақстандықтар сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтады — деді Үкімет басшысы.

  • Сол күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің бетпе-бет отырысы өтті. Кеңес қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыруды жеделдетуді тапсырып, несиелік шешімдерді қабылдау жылдамдығын арттыру қажеттігіне тоқталды. Ол өңдеу өнеркәсібін тиімді және уақтылы қаржыландыру – экономикалық өсуді ынталандырудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың алғышарты болып табылатынын атап өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен ҚХР-ның ҚР-дағы Елшісі Чжан Сяо Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылады. Тараптар бірінші жартыжылдықтағы екіжақты тауар айналымының қарқынын, транзиттік-көлік саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, ҚР мен ҚХР арасында өзара мәдени орталықтарды ашуды, 2024 жылы Қытайда Қазақстанның туризм жылын ұйымдастыруды және бірқатар басқа да тақырыптарды қарастырды. 

  • Бейсенбі, 31 тамызда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысына қатысып, депутаттар алдында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауларының іске асырылуы туралы айтып берді. Премьер-Министр өз сөзінде бұл бағдарламалық құжаттар қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті.

  • 2 қыркүйекте ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәдениет және ақпарат, Сауда және интеграция, Көлік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Туризм және спорт министрліктерінің ұжымдарына жаңа басшыларды таныстырды. Үкімет басшысы әр министрдің алдына бірқатар маңызды міндет қойды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу