Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №91

2023 жылғы 9-15 қазан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Сейсенбі, 10 қазанда, Үкімет отырысында 2023 жылғы 9 айдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша ел экономикасы 4,7%-ға өсті. Сондай-ақ отырыста жылыту кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері талқыланды. Әлихан Смайылов Қазақстанда газ жабдықтарын пайдалануға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтіп, Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын және колледждердің білім беру бағдарламаларының тізілімін енгізуді жеделдетуді талап етті.

  • Сейсенбі, 10 қазанда, Премьер-Министрдің төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияда биылғы ауа райынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау шаралары қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында астық өндірушілердің қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін бірқатар шара әзірленіп, мақұлданды.

  • Сәрсенбі, 11 қазанда, Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияда Риддер қаласының ЖЭО-сы айналасындағы жағдай қаралды. Премьер-Министр ЖЭО-ны жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылдау үшін барлық қажетті жұмысты жүргізуді тапсырды.

  • Бейсенбі, 12 қазанда, Әлихан Смайылов Орталық Азиядағы ең ірі Digital Bridge 2023 халықаралық технологиялық форумына қатысты. Онда Орталық Еуразия елдерінің үздік IT-компаниялары марапатталды.

  • Жұма, 13 қазанда, ҚР Премьер-Министрі БАӘ Министрлер кабинеті істері жөніндегі министрі Мұхаммед Әл-Гаргауимен кездесу өткізді. Онда мемлекетаралық ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыланды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы $633 млн-ды құрады. Жақын арада бұл көрсеткішті $1 млрд-қа дейін жеткізу мүмкіндігі бар.

  • Жұма, 13 қазанда, Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «Эйр Астана» АҚ акцияларының бір бөлігін бәсекелестік ортаға беру жоспарлары қаралды. Мемлекеттік комиссия компанияны IPO-ға шығаруға қатысты ұсынылған тәсілдерді, мерзімдер мен құрылымын қолдады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу