Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №94

2023 жылғы 30 қазан мен 5 қараша аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

 

  • Сейсенбі, 31 қазан күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада орын алған өртке қатысты жағдай қаралды. Әлихан Смайылов ең алдымен Үкімет атынан және жеке өзінің атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтты. Бұдан кейін Министрлер кабинетінің мүшелері марқұм болған кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды, деп қорытындылады сөзін Әлихан Смайылов.

  • Қазақстанда азаматтарды қаржылық сауаттылық курстарымен қамтуды кеңейту, сондай-ақ несие беру және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау кезінде тәуекелдерді азайту бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеу жоспарланып отыр. Аталған мәселелер ҚР Үкіметінің отырысында қаралды. Премьер-Министр халықтың шамадан тыс несие алу мәселесінің ұтымды шешімі жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарын құру екенін айтты. Ал күн тәртібі бойынша екінші мәселені талқылау барысында елімізде ТОП-20 туристік аумақтарды дамыту жөніндегі жол карталары бекітілетіні белгілі болды. Әлихан Смайылов туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, туристердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау, Қазақстанның шетелдегі туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ туризм саласын цифрландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігін атап өтті.

  • Сәрсенбі, 1 қарашада Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келді. Мәртебелі мейманды елорда әуежайында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қарсы алды. Қысқаша әңгіме барысында Үкімет басшысы Эмманюэль Макронның бұл сапары Астана мен Париж арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

  • Осы күні ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысы шеңберінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов депутаттардың сауалдарына жауап бере отырып, таяу жылдарда ел экономикасын дамыту шаралары және Ұлттық қордан түсетін трансферттерді төмендету жөніндегі жоспарлар туралы айтты. Сондай-ақ Әлихан Смайылов мемлекеттің борыштық міндеттемелері және оларды әрі қарай азайту жөніндегі жұмыс туралы айтты.

  • Кейін Премьер-Министр БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жаңа инвесторына қойылатын талаптар туралы айтты, сондай-ақ мемлекеттік бюджет кірістерін арттыру бойынша жоспарланған шаралар, кеншілерге 55 жасқа толғанда төленетін арнайы әлеуметтік төлем, Қазақстанда лудоманиямен күресудің жаңа шаралары туралы мәлімдедіі.

  • Бейсенбі, 2 қарашада ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Orano S. A. компаниясының бас операциялық директоры Николя Мас энергетика саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Үкімет басшысы Қазақстан мен Франция энергетика саласында байырғы стратегиялық әріптес екенін атап өтті.

  • Қазақстан Мажарстанға өнім экспортын $700 млн-ға дейін арттыруға дайын. Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Мажарстан Премьер-Министрі Виктор Орбан экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Тараптар энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті бағыттарын, атап айтқанда, жаңартылатын көздерді дамытуды, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру және екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қалпына келтіру мәселелерін қарады.

  • Жұма, 3 қараша күні Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті өтті. Ауқымды іс-шараға қатысушыларды Премьер-Министр Әлихан Смайылов елорда әуежайында қарсы алды. Әуежайға Әзербайжан Президентінің борты бірінші болып қонды. Саммит жұмысына Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Мажарстан және Түркіменстан көшбасшылары да қатысты.

  • Шанхайға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізіп, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысушы ел делегациясының басшысы ретінде Шанхайда өткен Қытайдың 6-шы халықаралық импорт көрмесінің (ҚХИК) ресми ашылу салтанатында сөз сөйледі. Үкімет басшысы қазіргі таңда бұл ауқымды көрме жыл сайын әлемнің 130-дан астам елінің өкілдері қатысатын жаһандық іскерлік алаңға айналғанын атап өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Шанхайдағы Қытайдың 6-шы халықаралық импорт көрмесіне (ҚХИК) қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен бірге, онда ұсынылған Ұлттық павильондармен танысты. «АӨК-тен инновацияға дейін» коммерциялық павильоны аясында көрмеге 30-дан астам қазақстандық кәсіпорын қатысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу