ҚР Үкіметінің отырысы, 10.06.2021

—  Үкімет отырысында санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, ҚР 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы, көктемгі егіс жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселелері қаралды.

— Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы баяндады.

— Үкімет басшысы жазғы кезеңде, әсіресе Маңғыстау, Ақмола, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында вакциналау қарқынын барынша арттыруды тапсырды.

— Экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жағдай туралы сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторын дамыту туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндады.

— ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерін өндіруді ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша пәрменді шаралар қабылдауды, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсу фактілеріне жол бермеуді тапсырды.

— Көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндады.

— Премьер-Министр агрохимикаттар мен минералды тыңайтқыштардың және арзандатылған дизель отынының қажетті көлемін уақытында беруді қамтамасыз етуді, қысқа мерзімде еліміздің оңтүстігінде фермерлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша жоспарланған іс-шараларды өткізуді тапсырды.

— Құрылыс материалдарына баға белгілеу мәселесі туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндады.

— Үкімет басшысы жосықсыз өндірушілер мен өнімді жеткізушілерге қатысты қатаң шаралар қабылдауды, құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасында ұзақ мерзімді сатып алу келісімшарттарын жасау мүмкіндігін пысықтауды, құрылыс саласында импорт алмастыру бойынша жоспарланған жобаларды уақытында іске қосуды қамтамасыз етуді тапсырды.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу