Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №48

2022 жылғы 12-18 желтоқсан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

  • Дүйсенбі, 12 желтоқсанда, Үкімет үйінде Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. ҚР Премьер-Министрі баяндама жасап, 2022 жылдың 11 айындағы Қазақстан экономикасын дамытудың негізгі көрсеткіштері туралы хабардар етті.

  • Атап айтқанда, Ә. Смайылов Үкіметтің жаңа салық-бюджет саясаты, Қазақстанға шетелдік капиталды тарту жөніндегі жұмыс, кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайларды жақсарту жөніндегі жұмыс, азаматтардың табысын арттыру, мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту, энергетика саласын дамыту, білім беруді, денсаулық сақтауды дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекет қабылдайтын шаралар туралы баяндады.

  • Сәрсенбі, 14 желтоқсанда, Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын және биылғы 12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Ә. Смайылов Үкіметтің жұмысты барынша жақсы істеп, форс-мажорлық жағдайлар кезінде жедел әрекет ету керектігін атап өтті. Әрбір министр өз бағыты бойынша міндеттердің 100% орындалуына кепілдік беруі, ал әрбір әкім жергілікті жерлерде әлеуметтік-экономикалық мәселелердің сапалы шешілуін қамтамасыз етуі тиіс.

  • Сейсенбі, 13 желтоқсанда, ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Қазақстанның Су кеңесінің отырысында саланы дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды. Жоспар Су кодексін жаңа редакцияда әзірлеуді, су ресурстары мен су шаруашылығы мәселелері жөніндегі ғылыми орталық құруды, суды пайдалануды реттеудің экономикалық тетіктерін іске асыруды, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуды және басқа да іс-шараларды көздейді.

  • Сәрсенбіде Әлихан Смайылов Adani Group компаниясының президенті Гаутам Аданимен кездесу өткізді. Келіссөз барысында Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаларды іске қосу перспективалары талқыланды.

  • Бейсенбі, 15 желтоқсанда, Әлихан Смайылов ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді. Отырыста коммуналдық қалдықтарды басқару тиімділігін арттыру, тұрғын үй секторында, өнеркәсіпте және басқа да салаларда энергия үнемдеу технологияларын енгізу жоспарлары қаралды.

  • ҚР Премьер-Министрі Технологиялық саясат жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, онда өңірлерді инновациялық дамыту және ұлттық инновациялық жүйенің «Бірыңғай терезесін» құру мәселелері қаралды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу